Адам, жылан және түлкі

Бір адам орман ішіндегі жолмен келе жатады. Орманның ең шетінен өртеніп жатқан ағашты көреді. Адам ағашқа жақындап келгенде, ағашқа өрмелеп, жанталасқан жыланды көзі шалады.

  • Адам, мені құтқара гөр! — деп жалынады жылан.

Адам ұзын бұтақ тауып, сонымен жыланды от ортасынан жұлып алады. Жылан адамға шапшып, оның мойнына оралады.

  • Енді мен сені тұншықтырамын, — дейді жылан.
  • Мен қайырымдылық жасап, сені оттан құтқардым. Сонда сен қалай мені тұншықтырамын дейсің? — дейді адам.
  • Біздің, жыландардың, әдеті осындай, кім бізге қайырымдылық жасаса, соны тұншықтырамыз.
  • Тоқтай тұр, жылан, асықпа, — дейді адам. — Ойланып, ақылға салайық. Мен өлуім керек пе, өлмеуім керек пе, соны қарсы жолыққан үш хайуанаттан сұрайық!

жылан туралы ертегі

Жылан бұған келіседі. Мойнына жылан оралған адам орман жолымен жүріп келе жатады. Әуелі бұларға өгіз кездеседі. Ол жылан мен адамның әңгімесін мұқият тыңдайды. Содан кейін:

  • Төрелігін айтсам, мен адамның мейірімсіз пенде екенін жақсы білемін. Ол мені таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуге мәжбүр етеді, мойныма қамыттың салған жарасы жазылмай қойды. Ал қартайған кезімде адам мені далаға қаңғытып жіберді. Қазір міне орманда тентіреп, қашан қасқырлар жеп қояды деп қорқып, дірілдеп жүрмін. Сондықтан адам өлуге тиіс, — дейді ол.
  • Естідің бе.төреші болған өгіздің сөзін? — дейді жылан адамға.
  • Өгізден қайдан төреші шықсын? Ол мойын тұрықтан басқа нені білуші еді? Қожайынның таяғынан өзге өмірде не көрді дейсің бұл? Тәжірибелі, ақылды хайуан іздейік, — дейді адам.

Жылан бұған келісіп, екеуі алға қарай жүреді. Есек қарсы жолығады. Ол бұлардың әңгімесін тыңдап болып, бірден:

  • Адам — келіспеген пенде. Ол маған орасан зор жүкті теңдеп артады, оған қоса өзі де менің үстіме мініп алады. Егер сен, жылан, мұны тұншықтырып өлтірсең, әділеттік болады деп ойлаймын, — дейді.
  • Екінші төрешінің не айтқанын естідің бе, адам? — дейді жылан. — Сені тұншықтырып өлтіретін кез келді.
  • Асықпа, — дейді оған адам. — Үшінші төрешіні де тыңдайық. Сол кезде мен саған ешқандай сөз айтпаймын.

Үшінші төреші болып түлкі жолығады. Ол бірден:

  • Мынадай үлкен жыланды кішкентай ағашпен қағып түсірдім дегеніңе сене алмаймын. Меніңше, бұл мүмкін емес. Егер маған қалай болғанын көрсетсеңдер, сол кезде ғана сенемін. Ал адам, сен қалай бұтақпен жыланды от ішінен құтқарғаныңды көрсет, сол кезде ғана төрешілік сөзімді айтамын, — дейді.

Олар жанып жатқан ағаштың жанына келеді. Адам жыланды бұтаққа іледі де, қалай болғанын көрсетеді. Сол кезде түлкі адамға:

Жыланды құтқарудың қажеті жоқ. Жанса, жанып кетсін. Мұндайлар жақсылықты түсінбейді, — деп, адамды құтқарыпты.

Өте жаманЖаманОрташаЖақсыӨте жақсы (2 оценок, среднее: 5,00 из 5)
Загрузка...


Пікір қалдыру

Тек мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!