Інжу таққан қыз

Баяғыда апалы-сіңлілі екі қыз бірге өмір сүреді. Үлкен қыз шашын інжумен әшекейлеп жүреді. Ал кіші қыздың басында ештеңе болмайды.

Бір күні кіші қыз:

  • Даланы аралып біраз жүріп қайтайын, мүмкін бәр нәрсе табармын, — дейді.

Сөйтіп, ол беталды құладүзге жүріп кетеді. Жүре береді, жүре береді, содан қой бағып жүрген бір шопанға кез болады. Шопан қыздан:

Саған қандай тамақ асып берсем екен, құрбақаның етін, әлде қойдың етін жейсің бе? — деп сұрайды.

— Маған бәрібір, — дейді қыз, құрбақаның етін берсең де, қойдың етін берсең де жеймін. Кедей адамға берген нәрсенің бәрі ас, соған да рахмет.

Шопан қойдың етін асып беріп, қызды шығарып салады. Қыз алға қарай жүріп кетеді. Енді алдынан сиыр бағып жүрген бақташы кездеседі.

  • Саған қандай тамақ әзірлеп берсем екен, кесірткенің еті ме, әлде сиырдың етін жейсің бе? — деп сұрайды.
  • Маған бергеніңнің бәрі ас, — дейді қыз, — кесірткенің етін де, сиырдың етін де жеймін.

Бақташы сиырдың етін асып беріп, қызды шығарып салады. Қыз ары қарай жүріп кетеді. Енді алдынан бір үйір жылқы бағып жүрген жылқышы кездеседі.

  • Не жейсің? Жыланның еті керек пе, әлде жылқының еті керек пе? — деп сұрайды ол қыздан.
  • Маған бергеніңнің бәрі ас, — дейді қыз,-жыланның етін де жеймін, жылқының етін де жеймін.

Жылқышы оған жылқының етін асып берген соң:

  • Қай жәшікті аласың — алтын жәшікті ме, әлде ағаш жәшікті ме? — деп сұрайды.
  • Маған бәрібір, — дейді қыз, — сыйлықтың бәрі игілік.

altai-ertegisi

Жылқышы оған алтын жәшікті беріп тұрып:

  • Үйіңе барған соң ғана аш. Оған дейін ашушы болма? — дейді.

Қыз алтын жәшікті алады, жылқышыға рахмет айтып, үйіне қайтады.

Жәшіктің ішінде не бар екенін көруге асығады. Үйіне келген соң, жәшікті ашса, іші толған әдемі әшекейлер, мерекелік киімдер екен.

Шашын інжумен әшекейлеп жүретін әпкесі мұны көргенде қызғаныштан өртеніп кете жаздайды:

  • Қайыршы атанып, адамдарға қол жайып бір нәрсе сұрайсың да жүресің! Сөйтіп, жинап әкелгенсіңғой! Егер мен барсам, күміс толы жәшік әкелер едім, — дейді.

Сөйтіп, сіңілісінің жолымен бұл да жолға шығады. Шопан одан:

  • Құрбақаның етін жейсің, әлде қойдың етін жейсің бе?- деп сұрайды. Қыз оған:
  • Адам құрбақаның етін жейтін бе еді? Әкел, қойдың етін! — дейді. Шопан оған құрбақаның етін асып береді.

Қыз оны жеп алып, ілгері жүріп кетеді.

Бақташы қыздан:

  • Кесірткенің етін жейсің бе, әлде сиырдың етін жейсің бе? — деп сұрайды.

Қыз оған:

  • Адам кесірткенің етін жейтін бе еді? Сиырдың етін бер! — дейді. Бақташы оған кесірткенің етін асып береді. Қыз жеп алып, алға қарай жүреді.

Жылқышы одан:

  • Жыланның етін жейсің бе, жылқының етін жейсің бе? — деп сұрайды.

Қыз оған:

  • Адам жыланның етін жейтін бе еді? Жылқының етін бер! — деп ашуланады.

Жылқышы оған жыланның етін асып береді. Қыз жеп алады.

Жылқышы одан:

  • Алтын жәшікті аласың ба, әлде ағаш жәшікті аласың ба? — деп сұрайды.
  • Алтын да, ағаш жәшік те керек емес! Маған күміс жәшікті бер! — дейді қыз.

Жылқышы оған ағаш жәшікті береді.

  • Байқа, үйіңе барған соң бірақ аш! — дейді.

Қыз үйіне қарай асығып, тезірек жәшікті ашып көргісі келеді. Шыдай алмай, жәшікті ашып жібереді. Оның ішінен жылан, кесіртке, құрбақа шығады. Қыз қорқып қаша жөнеледі. Сөйтіп, үйіне құр қол қайтыпты.

Өте жаманЖаманОрташаЖақсыӨте жақсы (Жазбаның бағасын беруіңізді сұраймыз)
Загрузка...


Пікір қалдыру

Тек мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!