Патша мен бағбан ертегісі

Бір қарт бағбанның асқан тамаша бағы болыпты. Бақшасында әртүрлі жемістер мен жидектер және бүкіл әлемдегі барлық гүлдер өседі екен. Бақтың даңқы көпке жайылыпты. Бағбан тұратын елдің патшасы да бақтың жақсы атағын естіпті. Естіпті де, уәзірін шақырып алып былай депті:

  • Мұндай тамаша бақ тек қана патшаға тиесілі болуы керек.

Патшаның ойын бірден түсінген уәзірі:

  • Өте дұрыс айтып тұрсыз, әміршім, — депті. Сол күні патша бағбанды бақтан қуып жіберуді бұйырады.
  • Мен осы бақпен күнімді көріп келе жатыр едім, — дейді бағбан. — Өсірген жеміс-жидегімді сатып, отбасымды асырап жүр едім. Енді қалай күнелтемін?
  • Оны өзің біл, — дейді патшаның адамдары. — Бақтың ақысына патшаның саған беретін ештеңесі де жоқ. Қайғы-мұңға батқан бағбан үйіне келеді.
  • Саған не болды? — деп сұрайды әйелі.
  • Бақты патша күштеп тартып алды.

-Қалайша?Сен,немене,патшаға қарыздарма едің?-деп таңырқайды әйелі.

Жоқ, ол бақты ұнатыпты, сосын тартып алды, — дейді күйеуі.

  • Есесіне не берді?
  • Сен не айтып тұрсың өзі? Тартып алған заттың орнына патша қашан бір нәрсе беріп еді?
  • Онда бұл патша емес, нағыз қарақшы екен! — дейді әйелі.

ғажайып сая бақ

Бағын тартып алған күннен бастап бағбанды бақтың маңайынан жүргізбейді. Қарт бағбан   балаларын қалай асырарын білмепті. Бір күні әйелімен ақылдасып, былай депті:

  • Патшаның ақылды адам емес екендігіне көзім әбден жетті. Егер ол ақылды адам болса, адал еңбегіммен өсірген бағымды тартып алып, мені өзіне жау қылмас еді. Бәрібір аштықтан өлгелі отырмыз, неде болса, патшаны алдап, одан алтын-күміс жырып қалсақ қалай болады?
  • Сақалың ағарған шағыңда енді өтірікпен айналыспақсың ба? — дейді әйелі.
  • Сенің мұның дұрыс емес, — дейді қарт бағбан. — Адамға қай жаста да өтірік айтқан жараспайды. Бірақ аштықтан құтылу үшін қарақшы қанішерді алдаған күнә бола қоймас деп ойлаймын.

Әйелімен ұзақ әңгімелескеннен кейін қарт бағбан киімін өзгертіп киіп, қоржынына әртүрлі темірлерді салып алып, жолға шығады. Патшаның сарайына келеді.

  • Алыстан келген бір қолөнерші патшамен жолыққысы келеді деп оған хабар беріңдер, — дейді қызметшілеріне.

Қызметшілері патшаға баяндайды, патша қолөнершіні тезірек жеткізуді бұйырады.

Қарт бағбан патшаға тағзым етіп, былай дейді:

-Әлемді билеген үстемдігің жалғаса берсін тақсыр! Мен саған ерекше бір тәж әзірлегім келеді, оны достарың ғана көре алады, дұшпандарың көре алмайды. Сөйтіп, сен осы арқылы патша тағының барлық жауларын біліп алатын боласың.

  • Өзім де көптен осындай бір нәрсені армандап жүр едім, ақсақал, — дейді патша. — Егер сондай тәж әзірлеп берсең, ақысына не қаласаң, соны аласың.

Бұл үшін бір дорба алтын және аздаған қымбат бағалы тастар қажет, — дейді бағбан.

Патша қазына сақтаушыны шақырып, шал талап еткен нәрсенің бәрін беруді бұйырады. Сақтаушы шал айтқан алтын мен қымбат тастарды береді.

  • Мұндай тәжді әзірлеу үшін маған қырық күн қажет болады, — дейді шал.

Патша келіседі, бірақ қарт бағбанға:

  • Байқа, қария, уәдеңді орындай алмасаң, басыңды шауып тастауға бұйрық беремін! — деп қорқытады.

Қарт бағбан патшаға тағы да тағзым етіп, алтын мен қымбат тастардыі алып үйіне келеді. Бірнеше алтынды ұсақтап, отбасына қажетті азық- түлік сатып алады. Балаларына жаңа киімдер алып береді. Сөйтіп, мәз-майрам, шат-шадыман өмір сүріп жатады. Әйелі ғана мұның арты не болар екен деп уайымдап жүреді.

  • Уайымдама, — дейді оған қарт бағбан.
  • Қалай уайымдамайын, — дейді әйелі. — Сен қырық күн мұрсат сұрадың, межелі күн жақындап келеді. Уәдеңді орындаған жоқсың, патша шақырып алып, басыңды шабуға әмір етсе қайтесің? Мен ойламағанда кім ойлайды мұны…
  • Патшадан осынша алтынды алдап алған адам, қалған сынақтан да сүрінбей өтеді. Алаңдама, бәрі ойдағыдай болады, — дейді қарт бағбан..

Сөйтіп, патша берген қырық күн мерзім аяқталады. Патша шалды алып келуді бұйырады.

Шал патшаның қызметшілеріне:

  • Патшаға айта барыңдар, барлық халықты алаңға жинасын, өзі де сонда келсін. Мен көп ұзамай барамын, — дейді.

патша мен бағбан

Қызметшілер шалдың сөзін патшаға жеткізеді. Патшаның бұйрығы бойынша бүкіл халықты алаңға жинайды. Өзінің нөкерлерімен патша да осында келеді. Биіктеу жерге патшаның тағын орнатады. Патша тағына жайғасып отырады, айналасында уәзірлері, кеңесшілері, қолбасшылар мен басқа да жақын нөкерлері тұрады.

Қарт бағбан бала-шағасымен қоштасып, қоржынын иығына салып, алаңға бет алады.

Алаңға келіп патшаға тағзым етеді. Одан кейін патшаның рұқсатымен халыққа қарата былай деп сөз сөйлейді:

  • Уа, халайық! Мен сиқырлы тәж әзірледім. Тәждің ерекше қасиеті — оны патшаның достары ғана көре алады, ал патшаның дұшпандары көре алмайды. Осы арқылы патша өзінің қас жауларын анықтап, біліп алатын болады.

Шал сөзін аяқтап, бірдеңе алған сияқты қоржынына қолын салып, оны патшаның басына кигізгендей болады. Шынында оның қолында ештеңе де жоқ еді. Құр қолымен патшаға тәж кигізгендей болады. Содан кейін патшаға қарап:

Ұлы патшам, сені жаңа тәжіңмен құттықтаймын. Енді бұл тәждің қандай әдемі екенін достарың айтсын, сен шын достарыңды танып біліп, жауларыңды жоя бер! — дейді.

Шал бір шетке шығып тұрып, осыдан кейін патша сарайындағы жандайшаптардың патша «тәжін» қарауына мүмкіндік береді. Патшаның өте жағымпаз уәзірі бар екен, сол бірінші болып атып шығып:

  • Әлемді билеген үстемдігің жалғаса берсін, тақсырым! Қандай әдемі тәж! Өзіңе сондай жарасып тұр! — дейді.

Бұдан кейін патшаға оның кеңесшісі келеді. Тәж тұратын тұсқа қанша үңілсе де ештеңе көре алмайды. Таңданып, мойнын әрі-бері созып, ештеңе көре алмағанын айтқысы кеп іркіліп қалады. Бірақ олай етсе, патшаның жауы болатынын біліп:

  • Пай, пай! Мұндай бағалы, мұндай тамаша тәж жер бетінде бар ма екен?! Ұлы мәртебелім, тура төбеңізден күн шығып тұрғандай, — деп өтірік мақтап сайрай жөнеледі.

Сөйтіп, сарай маңында барлық жағымпаздар ештеңе көрмесе де, патшаның «тәжін» жаппай мақтап өтеді. Ең соңғы болып пікір айту кезегі қолбасшыға келеді. Ол патшаға тағзым етіп тұрып:

  • Патшамыздың өмірі ұзақ болсын, мынадай тәжбен бізге күннің де, айдың да керегі жоқ, сіздің тәжіңіздің жарығы күндіз де, түнде де біздің жолымызға жарығын төге береді! — дейді.

Ал халық алыстан қарап тұрады. Олар да ештеңе көрмейді. Көпшілігі тәжді алыс тұрған соң көре алмадық деп ойлайды. Кейбіреулері көрмедік деп айтуға қорқады. Сонымен, бәрі бірауыздан патшаны құттықтайды.

Патша да қолымен басын сипап, ештеңе таба алмайды. Айна әкелуге бұйырады, бәрібір тәжді көре алмайды. «Қолөнерші» шалды өтірік істеді деп жазалағысы келеді, бірақ халық тақтың еңбасты қарсыласы патшаның өзі екен деп жүрер деген мақсатпен, бұл ойынан бас тартады. Содан кейін жұртқа былай деп жар салады:

  • Маған шын берілгендерің мына шеберге жақсы сыйлықтар сыйлаңдар!

Жұрттың бәрі таласа-тармаса шалға сыйлықтар береді. Ақырында халық тарап, алаң бос қалады. Патша шалды бір шетке алып шығып, былай дейді:

  • Қу шал, сен не істедің? Мені де, халықты да алдадың ғой?
  • О, патшам! — дейді шал. -Сен бағын тартып алып, бала-шағасын аш қалдырған шал — мына менмін. Сосын мен де саған солай жауап бердім.
  • Ал егер мен сені тап қазір дарға асуға бұйрық берсем қайтесің?
  • Онда жұрттың бәрі сені сиқырлы тәж жасап әкелген шеберге қайырымсыздық көрсеткенің үшін қарғап, сілейді, лағнет айтады.

Егер шалды жазаласа, халықтың қарғысына қалатынын жақсы түсінген патша қарт бағбанды еркіндікке жібереді. Бағбан шал үйіне оралып, бала-шағасын қуантады. Сол кезден бастап ол бай-қуатты өмір сүре бастаған екен дейді.

Өте жаманЖаманОрташаЖақсыӨте жақсы (3 оценок, среднее: 4,67 из 5)
Загрузка...


Пікір қалдыру

Тек мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!