Сиқырланған кестеші қыз

Алыстағы шағын бір ауылда Моналис деген кедей бозбала өмір сүріпті. Оның ата-анасы ерте қайтыс болады. Ата-анасынан бұған мұра болып ескі скрипка қалады. Манолистің жетім өмірін, Манолис сияқты басқа да кедейлердің ауыр тұрмысын осы скрипканың әуені ғана біршама жеңілдеткенге ұқсайды. Маңайдағы жұрттың бәрі Манолис пен оның скрипкасын жақсы біледі екен.

Бір күні кешкісін көрші ауылдан қайтып келе жатқан Манолис бұталардың арасынан бөгде бір дыбыс естиді. Бұталарды ашып қараса, бір ұрғашы қасқыр қақпанға түсіп қалған екен. Манолис қасқырды, оның кішкентай бөлтіріктерін аяп, аңды қақпаннан босатып жібереді. Қақпаннан босаған қасқыр лезде көзден ғайып болады, ал Манолис өзінің оқшау тұрған үйіне қарай жүріп кетеді.

Манолис түн ішінде қатты дыбыстан оянып кетеді. Есіктің ысырмасын ашқаны сол екен, мұның жұпыны лашығының ішіне атан түйедей арлан қасқыр секіріп кіреді.

-Сен менен қорықпа, Манолис,-дейді арлан қасқыр. — Мен саған дос ретінде келіп тұрмын. Сен ұрғашы қасқырды қақпаннан босатып, менің бөлтіріктерімді өлімнен құтқардың. Әдетте адамдар бізді қанқұйлы жыртқыш деп санайды, бірақ қайырымдылық жасаған адамға қасқырда қайырымдылықпен жауап беретінін мен саған дәлелдегім келеді.Манолис қасқырдың сөзіне таң қалады, бірақ онымен дауласып жатқысы келмейді. Қайда барса да қолынан түсірмейтін скрипкасын алады да, қасқырдың соңынан еріп жүре береді.Таң атып келе жатқан кез екен.

қасқыр

Манолис алыстан үлкен сарайды көреді. Сарайдың терезесінде хрусталь әйнектер жарқырап тұрады, таза күмістен жасалған есіктері тіпті ерекше көзге түседі. Қасқыр күміс есікті итеріп ашады, бұлар үлкен күміс залға тап болады. Кең залдың қабырғасы да, едені де, төбесі де тұтас күмістен құйылып жасалған екен! Оның төр жағынан жаңа шығып келе жатқан күн тәрізді алтын есік айнадай жарқырайды.

Алтын есіктің арғы жағында үлкен алтын зал бар екен. Гауһар есіктің арғы жағында аса кең гауһар зал бар екен! Осы көріністің бәрі Манолистің көзін арбап, ол жан-жағына сығырая қарайды. Ақырында бұлар қымбат бағалы тастар жарқырап тұрған биік залды көреді. Оның төріндегі тақ үстінде жап-жас ханшайым отырады. Көктемнің көркем күніндей құлпырған ханшайым хас сұлудың нағыз өзі болып шығады! Есі шыққан Манолис таң қалып, бір орнында тапжылмай тұрып қалады.

Қасқыр таққа жақындап келіп, басын иеді де, былай дейді:

  • Армысың, ханшайым! Міне, мен сенің тілегіңді орындадым. Бас пайдасын көздемей, риясыз іс-әрекет жасаған адамды саған әкеліп тұрмын.

Қасқыр ханшайымға Манолистің ұрғашы қасқырды қақпаннан қалай босатып жібергенін айтады.

  • Сен дұрыс айтасың, Манолис батыл да қайырымды жігіт екен! — дейді ханшайым қасқырға. — Маған тап осындай адам керек еді. Енді оған мен өзімнің бүкіл байлығым мен тағымды табыс ете аламын!

Ханшайым сол жерде жұртшылыққа өзінің Манолиске күйеуге шығатынын хабарлайды.

Ханшайымның жер-көкте жоқ сұлулығы Манолистің басын айналдырып, ол өмірінде бірінші рет қолынан тастамайтын скрипкасын да ұмытып кетеді. Екеуі қол ұстасып жүріп, бүкіл сарайды, барлық залдар мен бөлмелерді аралап шығады. Сарайдың байлығы мен әсемдігі Манолисті одан әрі таңдандыра түседі. Ханшайым екеуі биік мұнараның жанына келеді.

-Бұл мұнарада асып бара жатқан байлық жоқ, сондықтан оған кіріп қараудың қажеті бола қоймас… — дейді ханшайым.

Бірақ Манолистің бойын түсініксіз бір толғаныс билеп алады. Мұнараға кірсем деген өзгеше құлшыныс пайда болады. Неге екенін өзі білместен:

-Жоқ, мен қалайда бұл мұнараға көтерілуім керек! — деп тұрып алады. Ханшайым амалсыз келіседі.

кестеші қыз туралы аңыз

Мұнарада шынында да адам көрерліктей ештеңе болмай шығады. Аста-төк байлықтың да белгісі көзге шалынбайды. Оның ең жоғарғы қабатындағы ұядай шағын бөлмеде ғана бір қыз кергішті қойып кесте тігіп отырады. Манолис қызға қараған кезде, талып құлай жаздайды. Өйткені қыздың бет-ауызы адам көргісіз ұсқынсыз болады. Бірақ оның үлкен көкшіл көздері ғана ерекше нұрлана жарқырап, көрген адам ұсқынсыз болса да осы қызды естен шығара алмайтындай әсерге бөлейді екен.

Бұл маған туысқан болып келетін қыз еді, — дейді ханшайым. — Байғұсты аяп қолыма алып, пана болып отырмын. Ол ешқайда шықпайды. Ұсқынсыз, кейіпсіз түрін көрмейсің бе?

Ханшайым мұның бәрін Манолистің құлағына сыбырлап айтады. Қыз кергішке қарай еңкейіп, кесте тігуін жалғастыра береді. Оның епті саусақтары жібек матаның бетіне айрықша әсем құстың бейнесін кестелеп жатады. Қыз матаға соңғы тігісті түсіріп бола бергенде, құсқа жан бітіп, ол пырылдай көтеріліп, терезеден далаға ұшып шығып кетеді!

Қалың қайғы қол-аяғын сырқыратқан қыз осы кезде дүниеден түңіле отырып:

  • Басқалары сияқты бұл да ұшып кетті! Сөйтеді енді бұлар!..- деп айқайлап жібереді!
  • Бақытсыз сорлы қыз дуаланып қалған, — дейді ханшайым. — Ол күн сайын асықпай отырып құстың суретін кестелейді, арбаған сиқырдан жүз құсты кестелеп шыққанда ғана арыла алады. Бірақ ол құстары соңғы тігіске жеткенде ұшып кете береді!.. Мұның бәрін саған неге айтып тұрмын десейші! Жүр, одан да сарайға барайық, үйлену тойына әзірліктің жайын білейік!

Манолис түнімен ұйықтай алмайды. Таңертең тұрғанында да сорлы қыздың қайғы-қасіреті ойынан шықпайды. Бұл не істей алады, бақытсыз сорлыға қалай көмектеседі? Көз байлаған дуаның күшін бұл жеңе алмайды ғой. Ол байғұс қызға көмектесе алмасам да, оның қайғы- қасіретін аз да болса жеңілдететін құрал бар шығар деп ойлайды. Сонда барып бірінші рет мынау сән-салтанат пен қазынаға толған сарайға келгелі ұмытып кеткен скрипкасын есіне түсіреді.

Сөйтіп, Манолис скрипкасына қарай асыға жүгіреді! Скрипкасын алып мұнараға қайтып оралады да, ойнай жөнеледі.

Ол ешқашан бұлай ойнамап еді. Оның скрипкасы бұрын-соңды ешқашан бұлай құйқылжыта ойнамап еді.

Скрипка ысқысынан төгілген осы әнге Манолис бүкіл адал көңілін, күш-жігерін, жүрегінің дүрсілі мен дірілін қоса салады.

Керемет деген сол шығар! Мұнара сыртындағы құстар да тына қалады. Құстар әуелі скрипка әуеніне құлақ салады, содан терезе алдына келіп қонады, одан кейін бөлмеге ұшып кіріп,.. қыздың кестесінің үстіне қонақтай бастайды. Манолис скрипкасын одан әрі сызылта берді.

Дуаланған қыздың ұсқынсыз кейпі әдеттен тыс жарықпен нұрланады өйткені құстар ұшып келе бастаған сайын оның жүрегінде үміт ұшқыны тұтана береді. Дәл осы кезде Манолисті ханшайым шақырады, себебі таң атып, үйлену тойы басталуға шақ қалған еді. Бірақ Манолис ойнай береді, ойнай береді. Ол ханшайымның дауысын естиді, сонымен бірге кестеге қарай асыға еңкейген қыздың нұрланып бара жатқан жүзін де көреді. Ал құстар бірінен соң бірі бөлмеге ұшып кіріп жатады… Кенет есік тарс етіп қатты ашылады — скрипка да соңғы әуенін айтып үлгереді. Ызаланған ханшайым оның қолынан скрипканы жұлып алады, сонымен бір мезгілде қуаныш пен бақытқа толы шаттық дауысы қоса естіледі. Бұл Манолистің дауысы еді. Ол кесте тігуші қыздың кенеттен өзгергенін көреді. Қыз сұлулығына масаттанып орнынан тұрады да, көйлекті ханшайымға береді. Көйлекті жүз құс безендіріп тұрады.

-Ал мына көйлекті! — дейді ол ханшайымға. — Сенің сиқыршы әкеңнің бұйрығы бойынша мен ұзақ жылдан бері осы көйлекті кестелеп тігіп келдім. Ондай қара жүрек, пасық адам мен сияқты кейіпсіз кесте тігуші қыз үшін байлықты, билікті, тақты, тіпті сенің сұлулығыңды тәрік ететін жас жігіт табылады деп ойлапты ма еді! Сенің әкең бүкіл байлығымды жаулап алғаны аз болғандай, енді менің сұлулығымды саған тартып алып бергісі келді ғой!

Бақытты жігіт кесте тігуші қыздың қолынан ұстап, төмендегі залға түседі. Онда үйлену тойына бәрі әзір тұр еді.

Сөйтіп, үйлену тойы басталады.

Манолистің скрипкасы жалғыз мұнараның басында таңертең ойнаған ғажайып ән тойдың көркін ашқан керемет ән деп танылады.

Өте жаманЖаманОрташаЖақсыӨте жақсы (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)
Загрузка...


Пікір қалдыру

Тек мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!