Ұрысқақ кемпірлер және ақылды қыз

Бір ауылда екі кемпір өмір сүріпті. Біреуі өзеннің бергі жағында, екіншісі өзеннің арғы жағында тұрыпты. Бұл екеуінің ұрысқақтығы жұрттың бәріне белгілі болыпты. Екеуі екі жағада тұрып алып, күн шыққаннан кеш батқанға дейін ұрысудан жалықпайды екен. Бұлардың неге ұрысатынын, нені бөлісе алмай жүргенін ешкім де білмепті. Бір кемпірдің немере қызы бар екен. Әжесінің ұрысқақтығы оны әбден мезі етіпті. Содан кейін ол бір күні әжесіне:

— Сен өзенге барма, көршімен ұрысудың қажеті жоқ. Сен бармаған соң оның өзі де қояды, — депті.

— Не айтып тұрсың, қызым-ау! Ол мыстанның сөзін мен қалай жауапсыз қалдырамын! Бірдеңе деп көрсін, әкесін танытайын оның! — дейді кемпір.

Әжесі бір күні науқастанып, төсек тартып жатып қалады.

қыз туралы ертегі

Немересі таңертең өзенге келгенде арғы беттегі ұрысқақ кемпірдің балағат сөздерін тағы да естиді. Бірақ ол аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан кемпірге тіл қатпастан, мылқау сияқты тұра береді.

— Қарашы, мына қара есекке теріс мінгірді! — деп кемпір қызға қарай барқ ете қалады. — Қыш құмырадан сынып түскен бір елі бәле ғой мынау! Тіпті кербез ғой өзі, маңғазсынып, сөйлемейді ғой өзі! Оңбаған қара, қазір барып шашыңды талдап жұлармын!

Кемпір етегін түріп, өзенге түседі. Өзен терең болмаса да, су астындағы тастары мүк басқан, тайғақ еді. Өзеннің ортасына жеткенде кемпірдің аяғы тайып құлап, суға батып кетеді.

Қарсы жағада тұрған қыз жүгіріп жетіп, кемпірді қолтықтап көтеріп, жағаға аман алып шығады. Құрғақ тастың үстіне отырғызып, шашын тарап, орамалын түзеп тартуға көмектеседі.

Кемпір ұзақ уақыт үндемей отырады. Содан кейін өзін құтқарған қызға көзі жасаурап қарап, осы кішкентай қыздың алдында өзін кінәлімін деп санап, егіліп жылап жібереді…

Сол кезден бастап кемпірлер ешқандай балағат сөз айтпайтын болыпты. Сөйтіп, ауылдастары ұрысқақ кемпірлерден осылай құтылып, уһ деп тыныштық тапқан екен.

Өте жаманЖаманОрташаЖақсыӨте жақсы (5 оценок, среднее: 5,00 из 5)
Загрузка...

Пікір қалдыру

Тек мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!